АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі алимент төлеуден жалтарған, іздеуде жүрген 48 жастағы ер адамды анықтады.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, іздестіру іс-шаралары барысында ер адамның Ресей Федерациясы аумағында жүргенде, тегі мен әкесінің атын өзгертіп, сол елдің азаматтығы мен төлқұжатын алғаны белгілі болды.
Осылайша, ол құқық қорғау және шекара қызметтерін алдап, Қазақстан Республикасының шекарасын кедергісіз кесіп өткен.
- Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде оның қос азаматтығы бар екені дәлелденді. Сот шешімі бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 540 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. 2024 жылдың 12 айында облыс полициясы қос азаматтық алудың 57 дерегін анықтады. Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті осындай құқық бұзушылықтарды анықтау және «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарын жалғастырып жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 44 жылқыны ұрлаған барымташылар тобының ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).