Батыс Қазақстан облысында 44 жылқыны ұрлаған барымташылар тобы ұсталды

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында былтыр желтоқсан айында жайылымда жүрген 44 жылқыны ұрлаған барымташылар қолға түсті. 

барымташылар
Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға облыс орталығына жақын ауданда болған. Күдіктілер жылқыларды көршілес ауданға, ұсталғандардың бірінің тұрғылықты жеріне айдап әкеткен. 

- Барлық ұрланған мал тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Келтірілген залал 17,6 миллион теңге болды. Ұсталғандардың екеуі бұрын мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Топ құрамында Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысы аудандарының тұрғындары болған. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ аталмыш топтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдіктілердің үшеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығы жиілеп кеткенін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар