ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында тұрғынға қатысты қылмыстық іске нүкте қойылды.
БҚО сотынан мәлім еткеніндей, тұрғын ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес айыпты деп танылды. Сот талқысында анықталғанындай, 2023 жылы 1 қараша күні сағат шамамен 00.30-да Орал қаласының тұрғыны мас күйінде өзінің анасымен сөзге келіп, аңшылық пышағымен оң жақ кеуде тұсына соққы жасаған. Салдарынан марқұм сол жерде жан тапсырған.
«Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, шын ниетпен өкінетінін айтты. Сот үкім шығарған кезде қылмыстың сипаты мен қоғам үшін қауіптілігін, жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды ескерді. ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Жәбірленушіден талап арыз түскен жоқ. Сот үкімі заңды күшіне енді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өз әйелін өлтірген 73 жастағы зейнеткердің 10 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).