БҚО-да арнайы қызметті себепсіз шақыртқан 12 тұрғын жауапқа тартылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Облыс аумағында жыл басынан бері арнайы қызметті себепсіз шақыртқаны үшін 12 тұрғын ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 438-бабы 1-бөліміне сәйкес жауапқа тартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өз ісінің байыбына бармай, туысқандары мен көршілеріне «қалжыңдау» үшін немесе мас күйінде еш себепсіз телефон шалатындар аз емес. Мысалы, 13 сәуір күні сағат 21.35 шамасында Оралда тұратын А. деген әйел жалған аты-жөнін айтып, «Ел ырысы» базары маңында екі жүк көлігінің Ресейдің Самара қаласына қарай есірткі заттарын алып бара жатқанын хабарлаған. Тексеру жұмыстарын жүргізген кезде жүк көлігі жүргізушісінің аталған әйелдің азаматтық некедегі зайыбы екендігі, өзін Самараға алып кетпегені үшін жалған хабарлағаны анықталды. Осылай, А. әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 30 АЕК (68070 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Сол секілді 15 мамыр күні сағат 22.20-да Орал қаласының А. деген тұрғыны өзінің «ВАЗ Приора» автокөлігінің айдап әкетілгенін хабарлаған. Сөйтсе, ол бұл автокөлікті 2015 жылдың күзінде сатып жіберген. Жалған шақырту кезінде өзі мас болған бұл азамат та әкімшілік жауапкершілікке тартылды.