ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Қаражар ауылына кіреберіс жол езіліп кеткендіктен, автокөліктердің батып жатқаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба жарияланды.
Бейнежазбада ер адам ауылға кіреберісте бөгет салынған жолдың ми батпаққа айналғанын айтады. Аталған елді мекен Переметный ауылдық округіне кіреді. Округ әкімі Алексей Герасимов жолдың Бәйтерек ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгерімінде екендігін жеткізді.
Бөлім басшысы Аслан Даубаевтың сөзіне қарағанда, Қаражар ауылының кіреберіс жолын су басу қаупінің алдын алу мақсатында 2024 жылы су өткізу құбырлары орнатылған.
- Сонымен қатар 2024 жылы аталған жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Күні бүгін аталған жолды жөндеуге мердігер мекеме анықталды. Мамыр айында жол жөндеу жұмыстары басталады, - деді Kazinform тілшісіне А.Даубаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қыс ішінде асфальт төселіп жатқаны жөнінде жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).