БҚО-да қыс ішінде жолға асфальт төселіп жатыр – әкімдік жауап берді
ОРАЛ. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде қыстың ішінде Теректі ауданында Покатилов – Яик бағытындағы жолға асфальт төселіп жатырғаны жөнінде бейнежазба тарады.

БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, Покатилов ауылына кіреберіс жолды «Ануш-Құрылыс» ЖШС 2023 жылы бастаған.
Покатиловтан Яик ауылына дейін 9 км жолға асфальт төселген.
— 2024 жылға ауысқан нысанда түпкілікті жұмыс мерзімі 11 қарашада аяқталуы тиіс еді. Алайда мердігер құрылыс-монтаж жұмыстарын уақытылы бітірмеген. Осыған байланысты Теректі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мердігерден орындалмаған міндеттеме сомасынан мерзімі өткен әр күн үшін 0,1 пайыз көлемінде тұрақсыздық айыбын өндіру және «Ануш-Құрылыс» ЖШС-ны жосықсыз қатысушы ретінде тану туралы сотқа талап арыз берді. Бейнежазба қалған 3 км жолға асфальттың екінші қабатын төсеу кезінде түсірілген — деп хабарлады ведомстводан.
Теректі ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова БҚО ауданаралық экономикалық сотына талап арыздың 15 қараша күні берілгенін жеткізді.
— Мердігер мекеме талап арыз сотқа берілгеннен кейін ақталғысы келген болар, асфальттың екінші қабатын 4 желтоқсан күні төсеген. Бір күннен кейін өзім басында болдым. Барлық жұмыс тоқтатылды, — деді Kazinform тілшісіне Ә.Мұханбетжанова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда топырақ үстіне асфальт салынып жатқанын жазған болатынбыз.