ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Переметный ауылдық округіне қарасты Қаражар елді мекенінен қатынайтын жолдың езіліп кеткені жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Переметный мен Қаражар ауылы арасында 7 шақырымға асфальт саламыз деп, бұрынғы грейдер жолды бұзып тастаған. Құм-қиыршық тас қоспасы жартылай тасылған.
— Енді айналма жол да жоқ. Жаңбыр жолды шайып кеткендіктен әрі құм болғандықтан, көлікпен жүру мүмкін емес. Қаражардан Переметныйға қатынайтын оқушы балалар 7 шақырым жаяу жүруге мәжбүр. Бұлай еткенше, жолды бастамау керек еді, — дейді тұрғындар.
Осы мәселеге байланысты Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Тоқсанбаев жауап берді.
— Қаражар және Поливное ауылдарына кірме жолдарды күрделі жөндеу биылға жоспарланған. Мердігер ұйым «Ануш Құрылыс» ЖШС инертті материалдарды әкелу жұмыстарын бастады. Сонымен қатар қаржыландыру үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданды. Жол құрылысы биыл аяқталады деп көзделуде, — деді Е.Тоқсанбаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шалғай ауылдарға асфальт жол қашан салынатынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).