ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ауылдасы пышақтаған тұрғын мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 19 сәуір күні Ақжайық ауданы Бударин ауылында болды.
Сағат 02.30 шамасында Қазақстан көшесінде орналасқан үй маңында бірге арақ ішу барысында екі тұрғын бір-бірімен сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан. 1982 жылғы ер адам 1977 жылғы ауылдасының жүрек тұсына пышақ сұққан.
Соның салдарынан жәбірленуші ауруханада көз жұмды.
Марқұмның мүрдесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
Күдікті қолға түсіп, Ақжайық аудандық полиция бөлімі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ер адамның өз әйелін пышақтап өлтіргенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).