БҚО-да әйелдерге қатысты 1 300-ден астам қылмыс тіркелді

Фото: Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы он айда әйелдерге қатысты 1 330 қылмыс тіркелді. 

БҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Олжас Ибрайымовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден (1 273) асып кетіп отыр.

Оның сөзіне қарағанда, соның ішінде 134-і отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған. Мұның біреуі адам өлтіру (ҚР ҚК 99-бабы) болса, үшеуі — денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (106-бап), төртеуі — ауырлығы орташа зиян келтіру (107-бап), 62-сі — ұрып-соғу (109-1-бап), тағы біреуі — қорқыту (115-бап).

— Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабына (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) сәйкес 2 316 адам (2024 жылы осы мерзімде — 2 441) әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот арқылы 868 ерекше талап (900) белгіленді. Мінез-құлыққа қойылған ерекше талаптарды бұзудың 472 дерегі (495) анықталды. Оған қоса 2 464 қорғау нұсқамасы (2 383) шығарылды. Осы нұсқаманы бұзғаны үшін 461-бапқа сәйкес 152 адам (141) әкімшілік жаза арқалады, — деді Олжас Ибрайымов.

Оның айтуынша, маскүнемдікке шалдыққан 144 адам (137) мәжбүрлеп емдеуге жіберілген. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілген 14 046 адамның (13 295) 8 561-і (8 439) сонда орналастырылған.

Департамент мәліметіне сәйкес Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы қаңтар айында ІІМ жүйесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылған болатын. Қазіргі кезде департаментте осы бөлімдегі штат саны 44-ке жеткізілген.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да отбасындағы зорлық-зомбылық неліктен 3 есеге көбейгенін жазған едік