БҚО-да отбасындағы зорлық-зомбылық неліктен 5 есе көбейді

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстанда отбасы-тұрмыс саласындағы қылмыстар неліктен көбейді? Қазіргі ахуал қандай? Бұл жөнінде БҚО полиция департаменті жергілікті полиция қызметі әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Диляра Сатарова әңгімелеп берді.

полиция
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Диляра Махмудқызы, Президент тапсырмасына сәйкес әйелдер мен балалар құқығын қорғау бағытында шаралардың күшейтілгені белгілі. Алдымен сол жөнінде айтып берсеңіз?

— Президенттің 2023 жылғы 8 желтоқсандағы жарлығымен Адам құқықтары және заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары бекітілді. Аталған жоспарда әйелдер мен балалардың құқығын, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды қорғау шараларын күшейту көзделген. Мемлекет басшысы осы орайда Үкіметке Ішкі істер министрлігінің құрылымында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлініс құруды тапсырды. Қойылған міндеттерді орындау үшін елімізде қолданыстағы бөлімшелерде олардың функцияларын қайта қарай отырып, штат санын 728-ге жеткізу жоспарланып отыр. 

— Ал біздің облысымызда бөлімшеде бұрын қанша адам жұмыс жасайтын еді, енді қалай болмақ?

— Өзімді қосқанда, биылғы 5 қаңтарға дейін облыста әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі 15 инспектор болды. Ішкі істер министрінің 2025 жылғы 5 қаңтардағы бұйрығы негізінде БҚО полиция департаментінде отбасылық-тұрмыстық зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесін құру үшін қосымша 30 штат енгізілді. Қазіргі уақытта ұйымдастыру жұмысы жүріп жатыр. Сонда штат саны 45 адамға жетпек. Атауы өзгергенмен, аталған бөлімшелерге әйел қызметкерлер барынша көбірек тартылады. Соған сәйкес атқаратын қызмет ауқымы да, әрине, арта түспек.

Бытовое насилие Тұрмыстық зорлық-зомбылық
Фото: Kazinform

— Енді өткен жылдағы деректерге тоқтала отырып, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстарға талдау жасасаңыз?

— Өткен жылы Батыс Қазақстан облысында әйелдерге қатысты 1 469 қылмыстық іс қозғалды. Ал отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында жасалған қылмыстардың саны 5,9 есе (31-ден 183-ке дейін) өсті. Дегенмен бұл денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу деректері әкімшілік құқық бұзушылықтан қылмыстық құқық бұзушылық санатына ауысуына байланысты (ҚР ҚК 108-1-бабы бойынша — 49, 109-1-бабына сәйкес 118 қылмыс тіркелген). Іс жүзінде бұл санаттағы қылмыстардың нақты саны — 16. 

Отбасында денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу деректері бойынша 167 қылмыс тіркелсе, соның 153-і әйел адамдарға, 8-і кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған. 
Бұл жерде мынаған назар аударған жөн. 2023 жылдың 1 шілдесінде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған өзгертулердің күшіне енгені мәлім. Былайша айтқанда, 102 телефонына хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы отбасында шынымен жанжал болса, жәбірленуші арыз бермесе де, істі тіркеп, құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартуға міндетті.

Ал денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу бойынша қылмыстық іске келсек, мұнда жәбірленуші арыз беруі керек. Міне, осы жерде бірқатар түйткіл бар. Бұрын бұл істер Әкімшілік құқық бұзу кодексі аясында қаралатын еді. Қазір қылмыстық іс өндірісі болғандықтан, жинақтайтын материал мен дәлелдемелер базасы көбейтілді. Осыған байланысты көптеген жәбірленушілер мұны тым ұзақ созғысы келмей, арызынан бас тартады немесе тараптардың татуласуына байланысты іс тоқтатылады. Бірақ осымен сол отбасында тұрмыстық жанжал тыйылса игі, жалғаса берсе, бұдан да ауыр зардаптарға соқтыруы ықтимал. Сондықтан бұған атүсті қарауға болмайды.

а
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Ттұрмыстық зорлық-зомбылық көбіне әйелдер мен балаларға жасалады ғой, зардап шегушілерге қандай көмек көрсетіледі?

— Мұндай зорлық-зомбылыққа жасы ұлғайған адамдар да ұшырайды. Ересек баласының қолында тұратын қариялар таяққа жығылып жатады. Батыс Қазақстанда өмірлік қиын жағдайға тап болғандар үшін екі дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Мұның біреуі — Оралда, мемлекеттік орталықта 10 төсек-орын бар. Екіншісі (9 төсек-орын) — Ақсай қаласында, онда үкіметтік емес ұйым мемлекеттік тапсырыс бойынша өз қызметін атқарады.

Дағдарыс орталығына жолданғандар онда алты айға дейін тұра алады. Кәмелетке толмағандар жеке өзі жіберілмейді, тек заңды өкілімен бірге барады. Онда оларға заңгерлік, психологиялық және жұмысқа орналастыру сияқты басқалай көмек көрсетіледі. Балаларға педагогтар сабақ береді. Мұндай орталықтарға полиция қызметкерлерінің жолдамасымен барлығы 49 әйел орналастырылған. 

Соңғы уақытта зорлық-зомбылыққа байланысты жауапкершіліктің күшейтілгенін отбасында жанжал шығарушылар да түсінеді. Сонымен қатар әйелдерге психологиялық, экономикалық қысым көрсетілетінін де айта кеткен жөн. Кейбір жас қыздар білім алмастан ерте тұрмысқа шығып кетеді де, кішкентайлы болған соң үйінде отырып қалады. Одан ері ешқайда шықпауын, үй шаруасымен ғана айналысуды талап етеді. Қазір әлеуметтік желінің дамыған заманы, келіншек құрбыларының қалай өмір сүріп жатқанын көріп, қатардан қалғысы келмейді. Міне, осы себептен көптеген жас отбасылар ажырасып жатады.

бытовое насилие
Фото: freepik.com

— Мас күйінде жасалатын қылмыс көп пе?

— Жүргізілген талдау барысында өткен жылы адамның мас күйінде 33 қылмыс жасағаны тіркелді. Соның екеуі — алкогольді ішімдік ішкендер. Мұны көп деп айта алмас едік. Есесіне соңғы кезде ер адамдардың құқық бұзушыға сау күйінде баруы жиілегені байқалады. Мұның психологиялық астары да бар деп ойлаймын. Біз көбінесе жәбірленушілермен жұмыс істейміз. Шын мәнісінде құқық бұзушыға да психологиялық көмек көрсетілуі керек. Бұл ретте олармен жұмыс жасайтын мамандар аз.

Отбасында жанжал шығаратындар өз ұясын ұмытып, басқа әйелге барып, оған да әлімжеттік қылып жатады. Басқа түрлі себептердің барын ескеруіміз қажет. Әйелдердің де мінез-құлқы түрліше ғой, соның әсерінен жанжал туындауы мүмкін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қиын кезеңде дүние келіп, анасы жалғыз тәрбиелеген ұлдар қазір әке болды. Осы арада, менің ойымша, әкелер институтын дамыту, әке тәрбиесінің маңызы кемшін қалғандай. Олар үйге ақша әкелуші есебінде ғана, тәрбие көбіне әйелдің мойнына жүктеледі. 

— Полиция қызметкерлері жұртшылық көмегіне де сүйенетін болар?

— Әрине, қоғаммен бірлесіп атқармайынша, белгілі бір нәтижеге жету қиын. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдармен, еріктілермен, жастар ресурсы орталықтарымен тығыз байланыстамыз. Сол секілді БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының медиаторлары, аналар кеңесі үнемі қолдау көрсетеді. Әкелер кеңесі де араласа бастады. 

Соңғы кезде өмірлік қиындыққа тап болған отбасыларды анықтау мақсатында біздер білім, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен бірге жаңа әдістемемен жұмыс істеуді үйренудеміз. Осы орайда мобильді топтар жұмысы жанданып келеді. Ең бастысы, бәріміз бірлесе отырып, отбасындағы жанжалдың алдын алумен бірге қиындыққа тап келгендерге дер кезінде жәрдем бере білуіміз керек.

домашнее насилие
Фото: Pexels

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да соңғы 5 жылда отбасылық-тұрмыстық қылмыстар үш есе өскенін жазған болатынбыз. 

 

Соңғы жаңалықтар