БҚО-да бәсекелестікті қорғау саласында заң бұзушылықтар анықталды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта бәсекелестікті қорғау саласында заңнама талаптарының бұзылғаны белгілі болды.

Фото: Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Сағындық Ирғалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, кейбір аудан әкімдіктерінің халыққа қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтерін көрсету үшін мердігер ұйымды айқындау мақсатында конкурсты заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес өткізбегені анықталды. 

Департамент басшысының сөзіне қарағанда, бұл бәсекелестікке теріс әсер етіп, оның шектелу қаупін туғызды. Бұзушылықтар жойылды. 

- Сонымен қатар сұйытылған газды бөлуді ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік орган заң талаптарын бұзған. Атап айтқанда, сұйытылған газды бөлу туралы комиссияға заңнамада көзделмеген ұйым өкілдері енгізілген. Бұл шешім нарыққа қатысушылар үшін тең жағдай жасау қағидаттарына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол секілді жеке кәсіпкерлік субъектілеріне балық шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау субсидияларын беруге жауапты мемлекеттік орган қызметінде заңнаманы бұзу белгілері анықталды. Яғни өтініш берушілерге субсидия беруден бас тарту себептері көрсетілген шешімдер жіберілмеген, - деді С.Ирғалиев.

Оның айтуынша, спорт саласындағы мемлекеттік орган спорттық тапсырысты орналастыруға арналған тұғырнаманы таңдау барысында жекелеген нарық субъектісіне негізсіз артықшылық көрсеткен. 

Департамент деректеріне сәйкес заң бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың басым бөлігі ерікті түрде және толық көлемде орындалды. Бұл қабылданып жатқан профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді. Оған қоса заң бұзушылықтар негізінде тергеп-тексеру жүргізбей, бәсекелестік ортаны қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Егер хабарламалар белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда заңнамаға сәйкес тергеп-тексеру тағайындалады. Мысалы, қазіргі кезде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтері бойынша конкурсты өткізу туралы хабарламаны орындамаған мемлекеттік органға қатысты тергеп-тексеру басталды.

Сондай-ақ Орал қаласы прокуратурасының талабы негізінде автомобиль жолдарына арналған жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу кезінде жекелеген нарық субъектісіне артықшылық беру белгілері бойынша мемлекеттік органға қатысты тергеп-тексеру тағайындалды.

Мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен жүзеге асыру мүмкіндігін қарау туралы өтінішін қарау департамент қызметінің бірі болып есептеледі. Мұндай тәсілге монополияға қарсы органның осындай тауарларды өндіретін немесе қызмет көрсететін басқа жеке кәсіпкерлік субъектісінің жоқтығы туралы қорытындысы болған жағдайда жол беріледі.

- Бөрлі ауданында мемлекеттік органдардың бірі конкурстық рәсімдерді жүргізбестен 12 млн теңгеге сатып алуды жүзеге асырғысы келген. Бұған негіз ретінде ықтимал өнім жеткізушіде пайдалы модельге патенті мен генератордың автоматты жүйесі бар екендігін көрсеткен. Алайда талдау кезінде нарықта мұндай автоматтандырылған жүйенің саны жеткілікті екендігі белгілі болды. Бұдан бөлек, қазіргі заманғы бензин және дизель генераторлары өндіруші зауытта резервтік қоректендіруді автоматты түрде қосып айыратын жүйемен қамтамасыз етілген. Сондықтан пайдалы модельге патенттің болуы аталған салада бәсекелестіктің жоқтығын білдірмейді. Сондықтан мемлекеттік органға сатып алуды конкурстық рәсімдеусіз жүргізуден бас тартылды, - деп қосты департамент басшысы.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 90-нан астам кәсіпкердің сауда бағасын асырып сатқаны белгілі болғанын жазған едік