ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысы аумағында 1 сәуір - 31 мамыр аралығында «Бекіре-2018» жедел алдын алу шарасы өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы кезеңде жергілікті полиция қызметі мүдделі табиғат қорғау органдарымен бірлесе отырып, заңсыз балық аулауға тосқауыл қою мақсатында 42 рейдтік шаралар өткізді.
Соның нәтижесінде 13 қылмыстық іс қозғалып, оған қоса 143 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды.
Табиғат қорғау заңдылығын бұзғаны үшін156 адам жауапқа тартылды. Оларға 2,1 млн астам теңге айыппұл салынды.
Құқық бұзушылардан заттай айғақ ретінде 7514 кг балық, 19 балық аулау құралы, 3 жүзу құралы тәркіленді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).