ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бір күнде 18 адам коронавирустан жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, олардың бесеуі – Түркістан облысының, тағы бесеуі – Орал қаласының тұрғындары.
Сондай-ақ Тараздан 2, Шымкенттен 1, Ақтөбеден 1, өңірдің Тасқала ауданынан 3, Бәйтеректен 1 адам бар.
«Бақылау сынамалары бәрінің де коронавирустан емделгендігін көрсетті. Жағдайлары қанағаттанарлық. Ауруханада емделіп жатқан қалған науқастардың ішінде ауыр халдегілер жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Ахметова.
Осылайша, БҚО-да сауығып шыққандар саны 59-ға жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО әкімінің коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлермен байланысқа шыққанын, соңғы анықталған 4 науқастың үшеуі шетелдіктер екендігін, ауру жұқтырған бес адамның Теңіз кен орнынан келгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).