ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында білім беру ұйымдарында жүргізілген тексеру барысында заң бұзушылықтар анықталды.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, атап айтқанда, Т.Жароков атындағы орта мектепте «Өмір қауіпсіздігі негіздері» бойынша міндетті сабақтар жүргізілмеген.
Бұл ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» №348 бұйрығы талаптарына қайшы келеді. Аталған сабақ аудандағы 1 200 оқушы үшін ұйымдастырылмаған.
- Еңбек қатынастары саласындағы бұзушылықтар да тіркелді: қызметкерлер ұжымдық шарттармен таныспаған, ал еңбек шартын бұзу кезінде белгіленген нормалар сақталмаған. Тексеру нәтижесінде 30 лауазымды қызметкер тәртіптік, ал 8-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіліп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).