БҚО-да үш ауысымды мектептер мәселесі қалай шешіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында үш ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда Kazinform тілшісі сала басшылары және ата-аналармен тілдесіп, мәселені зерделеп көрді.

мектеп
Фото: Х.Доспанова атындағы орта мектеп

Үш ауысымды және апатты мектептер саны қанша?

БҚО білім басқармасынан мәлім еткендей, облыс бойынша үш ауысымдық 9 мектеп жұмыс істеп тұр. 

Атап айтқанда, бұл тізімге Орал қаласындағы эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназия, № 20, № 24, Хиуаз Доспанова атындағы № 30, Әлия Молдағұлова атындағы № 38, Теректі ауданында Подстепный қазақ мектебі, Бөрлі ауданы орталығы Ақсайдағы № 7, № 6 және Бәйтеректің Байқоныс ауылындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы орта мектеп кіреді. 

Қазіргі таңда өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектептер құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры есебінен мектептер салу көзделген.  

Осыларды пайдалануға берген мезгілде 2025-2026 жылдары өңір мектептерінің үш ауысымдылығын толық жою жоспарланып отыр. 

Басқарма деректеріне қарағанда, облыста апаттық жағдайдағы 16 мектеп бар. Ақжайық ауданында Жаңажол, Жәнібекте Ғ.Қараш атындағы, Тегісшіл, А.Оразбаева атындағы, Казталовта Қоныс, Сатыбалды, Н.Дүйсенғалиев атындағы, Бөрліде Пугачев мектеп-бөбекжай-балабақша кешені, Кеңтүбек, Ақсай қаласы № 1, Қаратөбеде Жақсыбай, Төлен, Тасқалада Айнабұлақ, Оралда № 8, № 27, № 43 мектептер осындай күйге ұшыраған.

мектеп
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Қазіргі таңда «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ақсайда № 1 және Пугачев мектеп-бөбекжай-балабақша кешені ғимараты жаңадан бой көтеруде. Ал Оралда білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры есебінен 400 орындық № 8 мектеп салынып жатыр. 

Бұдан бөлек, «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары есебінен биыл Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында 108 орындық А.Оразбаева атындағы, Тасқалада 60 орындық Айнабұлақ, Қаратөбеде Сәуле ауылында 60 орындық Жақсыбай, Казталовта 60 орындық Қоныс мектебінің құрылысы басталмақшы. 

— Қабылданған жүйелі шаралар нәтижесінде 7 апаттық мектеп толық жөнге келтірілмекші. Қалған 10 мектеп бойынша «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары аясында және білім беру инфрақұрылымын дамыту қоры есебінен шешім талап етіледі, — дейді білім басқармасының мамандары. 

Облыс бойынша үш ауысымдық 9 мектепте күні бүгін 14 280 оқушы білім алуда. Аталмыш білім нысандарында соңғы үш жыл бойынша орташа білім сапасы 60 пайыз болды.

мектеп
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Мұғалім, ата-ана не дейді?

Оралда балалар үш ауысымда оқып жатқан білім нысандарының бірі — № 24 орта мектеп.
Мектеп директоры Гүлсім Сатыбаеваның айтуынша, мұнда 89 сыныпта 2 600 оқушы білім алуда.

— Мектептің жобалық сыйымдылығы — 1 296 орын. Сонда екі мектептің баласы оқып жатыр деп айтуға болады. Бұл, әрине, білім сапасына әсер етеді. Ең басты мәселе — оқушылардың қауіпсіздігі. 2 сынып оқушылары сыймағандықтан, № 41 мектеп-лицейдің қабырғасында білім алуда. Әр сыныпта 30, 30-дан астам бала отыр, бұл да санитарлық норма талаптарына сай емес. Осы 4-шағынауданда бала санының көбеюіне байланысты қосымша мектеп салынуы керек деп ойлаймыз. Өйткені сыныптардағы баланың көптігі мұғалімнің, жалпы ұжымның жұмысына, көрсеткішіне әсер ететіні белгілі, — дейді Г.Сатыбаева.

Осы білім ордасында балалары оқитын Айнұр Арыстанова көкейіндегі ойын бүгіп қалмады. 

Оның сөзіне қарағанда, ұлы алтыншы, қызы төртінші сыныпта білім алады екен. Жалпы, бұл — қаланың 4, 5, 6, 7, 9 шағынаудандарын, ескі әуежай ауданын қамтитын орыс тілінде білім беретін жалғыз мектеп. 

білім
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

— Бала саны өте көп, бір сыныпқа кемінде 30 оқушыдан келеді. Оның үстіне мектеп ғимараты ескі, кейбір кабинеттер қыста суық. Жөнделмей жатыр деп айта алмаймын, бірақ жағдай солай. Сыныптағы оқушының көптігі ең алдымен санитарлық нормаларға қайшы, екіншіден, ұстаздарға да қиындық туғызып отыр. Ағылшын тілі, қазақ тілі, информатика сынды пәндерді екі топқа бөліп оқыту керек. Кабинеттің жетіспеушілігінен оған мүмкіндік болмай отыр. Қорыта айтқанда, осы ауданда жаңа мектеп салынса деймін, — деді А.Арыстанова. 

Зачаган кентіндегі Х.Доспанова атындағы № 30 орта мектеп 2024-2025 оқу жылын 2 110 оқушымен бастаған. 

Мектеп басшысы Дарья Қабдуллиеваның берген мәліметіне қарағанда, 770 орындық білім ордасында мектепалды даярлық тобы, 1-4 сыныптар үш ауысымда оқытылып келген. 

Оның мәлімдеуінше, бағдарлама барлық талапқа сәйкес толық орындалып отырды. Оқушылар мектеп автобустарымен күніне 9 рейс жасау арқылы тасымалданды.

Жұмыс оқушы, ата-аналар арқылы күнбе-күн үздіксіз жүргізіліп отырғандықтан, мектептің бірінші жартыжылдықта үш ауысымда жұмыс жасағаны айтарлықтай қиындық тудырмады. Пән мұғалімдерінің сабақтары ыңғайлы кестеге қойылды, солай жүктемелер бөлініп, мұғалімдер тарапынан наразылық туындаған жоқ.

мектеп
Фото: Х. Доспанова атындағы орта мектеп

Мектеп әкімшілігі барлық үш кезеңде де кезекшілік атқарып, қосымша жас мамандар мектебі ұстаздарының ұйымдастыруымен ғимаратқа бөгде адамдарды кіргізбеу жағы және оқушылардың артық қозғалысы болмауы қадағаланды.

— Осы ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында № 52 мектептің ашылуы оқушыларымыз бен ата-аналарға қуаныш сыйлады. Жаңа мектепке 1 060 оқушы ауысса, 75 мұғалім сонда жұмысқа орналасты. Балалар үшін жайлы мектепте барлық жағдай жасалған, әдістемелік және көрнекілік жағынан толық қамтамасыз етілген, — дейді Д.Қабдуллиева. 

Күрделі жөнделіп жатқан мектептер жайы нешік?

Түйткілді мәселенің бірі — ғимараты күрделі жөнделіп жатқан мектептер жайы. 

Орал қаласында «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдылық жобалары аясында дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық

мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты, № 17, № 9 орта мектеп және Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі күрделі жөндеуден өткізілуде. 

Бұл нысандарда жұмыс өткен жылы басталып, оны желтоқсан айында бітіру көзделгенімен, мерзімінде аяқтала қойған жоқ. Қазіргі уақытта БҚО білім басқармасы жөндеу жұмыстары алдағы ақпан айында мәресіне жетеді деп отыр. 

Оралдағы қара шаңырақ — дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернаты қаланың орталығынан Зачаган кентіндегі үш ауысымдық № 20 мектеп ғимаратына көшіп келіп, сонда оқып жатыр. 

Ата-аналардың сөзіне қарағанда, балалардың үйренген жерінен алыстап кетуі оларды тасымалдауда қиындық туғызған. 

Мектеп директоры Шынар Зұлқашева жөндеу барысында қосымша жұмыстар қосылғандықтан, мұның жалғасып жатқанын жеткізді.

Күні бүгін № 20 мектеп ғимаратында 630 оқушы білім алуда.

Қаладағы № 17 орта мектеп директоры Марат Зайнуллиев жөндеудің аяқталуға жақындағанын, ұсақ-түйек жұмыстары қалғанын айтты. 

— Қазіргі таңда оқушылар № 5 және № 16 мектептерде білім алып жатыр. Жөндеу жұмыстары біте келді. Бір-екі аптада көшуге болады деп ойлап отырмыз, — деді № 9 орта мектеп директоры Майра Есенғазиева.

Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің директоры Мұхамбетқали Далбаев нысанды алдағы аптада мемлекеттік комиссия қабылдағалы жатқанын хабарлады.

білім
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Білім басқармасының мәліметінше, Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылы 5 мектепті күрделі жөндеу жоспарланған.

Бұған облыстық бюджет есебінен қаражат қарастырылды. Бүгінгі таңда конкурстық рәсімдер жүргізілуде.

Конкурстық рәсімдер уақытында аяқталып, мердігерлер анықталып, жұмыс мезгілінде басталса, жақсы. Егер олай болмаған жағдайда бұл күрделі жөндеу жұмыстарының да ұзаққа созылып кетуі ықтимал.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда күрделі жөнделіп жатқан мектептердің оқушылары қалай оқып жүргенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да екі лицейде оқушыларды конкурс арқылы қабылдауға қатысты дау туындады.

білім
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар