Оралда күрделі жөнделіп жатқан мектептердің оқушылары қалай оқып жүр

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында төрт бірдей білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілуде.

жөндеу
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
мектеп
Фото: Сәкен Сейфуллин атындағы № 11 мектеп

БҚО білім басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, бұл мақсатқа «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалары аясында қаражат бөлінді. 

Қазіргі кезде ғимараты күрделі жөнделіп жатқан дарынды балаларға арналған С. Сейфуллин атындағы № 11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының іргесі қаланғанына биыл тура бір ғасыр толады. 

Мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ақын Сәкен Сейфуллиннің 1923 жылы өңірге жасаған жұмыс сапары кезінде қозғау салуымен ашылған аталмыш қара шаңырақ ұзақ уақыт бойы Орал қаласында қазақ тілінде сабақ беретін жалғыз мектеп болды.

мектеп
Фото: Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектеп

Кеңес дәуірінде оның қатарына қосылған М.Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектебі 2021 жылы таратылып, ғимараты № 20 мектепке берілді. Міне, Зачаган кентіндегі Жәңгір хан көшесі, 54 мекенжайда орналасқан осы ғимаратқа № 11 мектеп уақытша көшіп келді. 

Жуырда осы мектепке директор болып тағайындалған «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» атты республикалық бағдарламасы түлектерінің бірі Шынар Зұлқашеваның мәлім еткеніндей, аталмыш ғимаратта жаңа оқу жылы 530 оқушы, 23 сынып жиынтығымен басталды. 

«Күні бүгін оқу үрдісін жүргізу үшін мектеп ғимаратындағы 22 оқу кабинеті жасақталды. Балаларды оқытуға қажетті жабдықтар мен техникалар қойылды, интернет желісіне қосылды, оқушылар оқулықпен түгел қамтылды. Интернат ғимаратының 5-қабатынан Өнер мектебі мен кіші топтарды оқытуға арналған кабинеттерде сабақтар жүргізілуде», дейді Ш. Зұлқашева.

мектеп
Фото: Сәкен Сейфуллин атындағы № 11 мектеп

Мектептің бір ерекшелігі, онда интернат балаларының жататындығы. Бұл мәселе ата-ана алаңдаушылығын туғызатыны анық. 

Шынар Мүлкәйқызының айтуынша, интернат балаларын қабылдауға интернат ғимаратының 3-4 қабатынан 208 орын дайындалды. Қазіргі уақытта 156 оқушы интернатқа орналасты, тәрбиеленушілер бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар әлеуметтік санаттағы 21 балаға 1 мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылды. 

«1 қыркүйек күні оқушылар, ата-аналар және мектеп ұстаздарының қатысуымен „Мектебім — мейірім мекені“ тақырыбында Білім күніне арналған салтанатты жиын өтсе, дүйсенбіде барлық сыныптарда осы тақырыпта тәрбие сағаттары өткізілді. Бүгінгі таңда оқушыларға білім беретін педагог кадрлар жеткілікті. Оқыту процесі жүйелі жүргізілуде. Ал мектептің негізгі ғимаратын „Жаиксельстрой“ ЖШС күрделі жөндеуден өткізуде. Елге танымал мектебіміздің ғасырлық мерейтойына орай көптеген іс-шаралар жоспарланған. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстары тезірек біткенін қалаймыз», деді Ш. Зұлқашева.

Оралдағы № 17 орта мектеп директоры Марат Зайнуллиевтің айтуынша, 1967 жылы ашылғаннан бері ғимарат жөндеу көрмеген. 

жөндеу
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

«Күрделі жөндеу жұмыстары шілде айында басталды. Нысанның мердігері — „Наурыз“ ЖШС желтоқсан айында бітіруді көздеп отыр. Ғимараттың жөндеуге жабылуына байланысты 856 оқушы көршілес орналасқан № 19 орта мектепте уақытша білім алады. Сонымен қатар 701 шәкірт № 21 және 147 оқушы № 45 мектепке орналастырылды», деді Марат Халелұлы. 

Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан тағы бір білім нысаны — № 9 орта мектеп директоры Майра Есенғазиева шәкірттердің оқу процесімен толықтай қамтылғанын жеткізді. 

«Қазіргі таңда № 5 мектепте — 1 326, № 16 мектепте — 568, барлығы 1 894 оқушы білім алуда. Атап айтқанда, 1-7 сынып бесінші, жоғары сыныптар он алтыншы мектепте оқиды», дейді Майра Сансызбайқызы.

Білім басқармасының мәліметі бойынша 1 260 орындық бұл мектепті «IGB Group» ЖСШ жөндеуден өткізуде. 

Д.Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінде (620 орын) дәріс алатындар үшін де оқу үрдісі ұйымдастырылған. Бұл нысанның мердігері — «Beta-Services» ЖСШ.

жөндеу
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Тоқсан жылдық тарихы бар Д. Нұрпейісова атындағы музыка мектебінің директоры Мұхамбетқали Далбаев қазіргі таңда Қ.Аманжолов көшесі 53-мекенжайында орналасқан бұрынғы облыстық халық шығармашылығы орталығы ғимаратында сыйысып жатқанын жеткізді.

«Биыл тоқсан жылдық мерейтойға байланысты „Атамекен“ өнер ордасында концерт қойдық. Облыстық және қалалық деңгейде басқа да іс-шаралар өткізіліп жатыр. Мектеп ғимаратын жаңа жылға дейін пайдалануға берсе, сол біз үшін үлкен сый болайын деп тұр», дейді Мұхамбетқали Сағитұлы. 

Міне, облыс орталығында күрделі жөнделіп жатқан мектептерде сабақ осылайша ұйымдастырылуда. Оқушылар мен ұстаздардың уақытша қиындықтан тезірек құтылып, жаңарған ғимаратқа қайта оралуы үшін бұл нысандардың мерзімінде жөнделгені маңызды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО мектептерінде жылыту маусымына дайындық қалай жүріп жатқанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ БҚО-да шалғай ауыл балалары оқу жылын жаңа мектепте бастады.  

сабақ мектеп
Фото: Сәкен Сейфуллин атындағы № 11 мектеп

 

Соңғы жаңалықтар