БҚО-да бір үйір жылқының сорға батып өлгені рас па — әкімдік жауап берді
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында бір үйір жылқының сорға батып өлгені туралы әлеуметтік желіде бейнежазба таралды.
Бейнежазбадағы ер адамның сөзіне қарағанда, оқиға Көктерек ауылдық округі Саралжын елді мекені маңындағы Шаламан сорында болған. Бір үйір жылқы сорға батып кеткен. Соның ішінде біреуінің тірі тұрғаны бейнежазбаға іліккен.
Осы оқиғаға байланысты Kazinform тілшісі Казталов ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Казталов ауданы әкімінің көмекшісі, баспасөз хатшысы Асылбек Нәсіпқалиұлының айтуынша, қазіргі таңда малдың шығыны есептеліп жатыр.
— Қысқа дайындық барысында тұрғындарға, шаруа қожалықтары жетекшілеріне алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Малды қоражайда ұстау керектігі туралы айтылды. Дегенмен боран кезінде ығып кеткен малдардың болуы мүмкін. Бұл жылқылардың қай шаруашылыққа, қай ауыл-аймаққа тиесілі екендігін анықтау әзірге мүмкін емес, — деді А.Нәсіпқалиұлы.
Бұл — Казталов ауданында болған осындай екінші оқиға. Бұдан бұрын 14 желтоқсан күні Бірік ауылдық округіне қарасты Әжібай ауылынан 28 шақырым қашықтықта орналасқан Жұмыр қыстағында қойлар қар астында қалып, шығынға ұшыраған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда ауыл тұрғындары қарға көміліп қалған қойларды құтқарғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-ның Бөкей ордасы ауданында төтенше жағдай жарияланды.