БҚО-да бұдан ширек ғасыр бұрын адам өлтіргендер сотталды

Фото: pexels.com

ОРАЛ. KAZINFORM – БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен Асқар Батыров пен Әлібек Сармағамбетовке үкім шықты.

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оларға ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімі 1, 7-тармақшаларына сәйкес алдын ала сөз байласу арқылы топ болып екі адамды өлтірді деген айып тағылған еді. 

Сотта анықталғанындай, 2000 жылы 13 желтоқсанда шамамен сағат 18.00-де Орал қаласында А.Батыров Ә.Сармағамбетовтің нұсқауымен автокөлік ішінде Ш. мен С-ның басы мен мойнынан тапаншамен атқан. Алған жарақат салдарынан жәбірленушілер сол жерде көз жұмған. 

Сотталушы Батыров екі адамды өлтіру бойынша өз кінәсін мойындап, өкінетінін білдірді. Сармағамбетов өз кінәсін мойындаған жоқ.

- Алқабилер алқасының үкімімен сотталушылар аса ауыр қылмысты ауырлататын жағдайда жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Заң талаптарын негізге ала отырып, сот А.Батыровқа - 19, Ә.Сармағамбетовке 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Олардың жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады ведомстводан. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын полиция 25 жыл бұрын Орал қаласында болған екі адам өлтіру қылмысын ашқанын жазған едік.