БҚО-да бұралқы итті аулау жұмысына ет өңдеу компаниясының жауапты болғаны рас па

ОРАЛ. KAZINFORM — Ит аулау жұмыстарына 9 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Жеңімпаз атанған «Өркен» ЖШС-нің жұмысы сәуірде басталған. Ал осы мердігердің негізгі бағытының бірі ашық дереккөзде ет өңдеу және консервілеу деп жазулы тұр.

Фото: Алматы әкімдігі

Елімізде бұралқы ит пен мысықты аулау жұмыстарына жергілікті әкімдік жауапты. Биыл БҚО-да конкурс өтіп, «Өркен» ЖШС жануарларды аулау, «Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті» КеАҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы» ҚБ-і зарарсыздандыру, сәйкестендіру және күтіп-ұстауға жауапты болды.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, ит пен мысықты аулауға жауапты «Өркен» ЖШС-нің негізгі бағыты ет өңдеу және бұқтырылған ет дайындау. Алайда БҚО әкімінің және Орал қаласы әкімінің баспасөз қызметтері ит аулауға жауапты мердігердің тағы өзге қызметтері туралы ақпаратты ашық айтпады. Тіпті, «ол сұраққа біз жауап бермейміз», «білмейміз» деп қысқа қайырды.

Фото: Скриншот

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, конкурсты Орал қалалық ТҮКШ және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жариялады. Конкурсқа екі компания қатысып, «Өркен» ЖШС-і жеңімпаз атанған. Басшысы — Мира Хайретдинова. Байланыс нөмірі болғанымен, тұтқаны ешкім де көтермеді. Ал Орал қалалық ТҮКШ және жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асылжан Хайруллин қазір іссапарда жүр. Жалпы әкімдік 9 млн теңгеден астам қаржыны екі бөліп аударады. Биыл 2,5 млн теңге, келер жылға 6,5 млн теңге қарастырылған.

БҚО әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде ит еті өңдеуге жатпайды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және басқармаларға ит еті өңделгені туралы қандай да бір шағым түспеген.

— Ауланған ит пен мысық уақытша ұстау пунктіне орналастырылады және ауланған жануарларға клиникалық тексеру жүргізіліп, деректер базасына тіркеледі. Ауланған жануарларға күтім көрсетіледі, торды күнделікті механикалық тазалау және дезинфекциялау жүргізіледі. Ауланғаннан кейін ит пен мысық стерилизациядан, вакцинациядан, дегельминтизациядан және сәйкестендіруден өтеді. Одан кейін жануарлар уақытша ұстауға орналастырылады және олардың мәртебесіне байланысты табиғи мекендеу ортасына қайта жіберіледі. 1 сәуірден бастап Орал қаласы бойынша 283 жануар ауланды. Оның ішінде 205-і зарарсыздандырылып, вакцинацияланып, қайтадан табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Бұрын сәйкестендірілген 78 жануарға қайта вакцинация жүргізіліп, олар да мекендеу ортасына қайтарылды, — деп хабарлады БҚО баспасөз қызметі.

Айта кетейік, БҚО-да ит-мысықты күтіп ұстау, сәйкестендіру және зарарсыздандыру қызметіне 39,4 млн теңге бөлінді.

Еске салсақ, Парламент бұралқы иттерді қайтарымсыз аулау моделін қолдады. Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптармен келісті.