ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында үш күн ішінде 325 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде Қазақстан Республикасында болу ережесін бұзған 280 шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 36 қазақстандық азаматтың шетелдік және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау кезінде заң бұзғандығы анықталды. Оған қоса шетелдік жұмыс күші мен еңбек иммигранттарын заңсыз тартқан 9 жұмыс беруші әкімшілік жазадан құтыла алмады.
Сондай-ақ 23 шетелдік азамат сот шешімдерімен ел аумағынан шығарылды. Елде болу ережесін бұзған 89 шетелдікке уақытша болу мерзімі қысқартылды.
Қабылдау-тарату орнына белгілі бір тұрағы және құжаты жоқ 17 адам орналастырылды.
Жедел алдын алу шарасы кезінде ел шекарасын заңсыз кесіп өту мен шетелдік жұмыс күшін бірнеше рет заңсыз тартудың бір-бірден және ҚР аумағынан шығару жөніндегі сот шешімдерін орындамаудың 7 дерегі белгілі болды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).