«Энергетика саласына қатысты маңызды мәселе тәуелділікті азайту. Бүгінде облыстың Жәнібек және Бөкей Ордасы ауданын электр жарығымен толықтай Ресей Федерациясы қамтып отыр. Осыған байланысты қазір 5 мегаватты газ поршеньді қондырғысын орнату бойынша келіссөз жүргізіп жатырмыз», - деді Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған жұмыс Энергетика министрлігімен бірлесе атқарылады.
«Газ саласы бойынша, облыста 4 елді мекен Ресейден келетін газбен қамтылған. Атап айтқанда, Жәнібек ауданында 3 ауыл (Қамысты, Борсы, Талов) және Бәйтерек ауданында 1 ауыл (Раздольное). Бүгінде Жәнібек ауданы бойынша құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер компания анықталып, келесі жылы жүзеге асырылады. Ал Бәйтерек ауданы бойынша жоба жасақталып жатыр», - деп түсіндірді өңір басшысы.
Бұған дейін БҚО әкімі тасқынмен күрес және оның салдарын жою жұмыстары туралы айтқан еді.