ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында «Автоураган» кешенінің көмегімен иелері айыппұл төлеуден жалтарған 92 автокөлік арнайы тұраққа қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, олардың жалпы қарызы 1 млн 522 мың теңгені құрады.
Сонымен қатар «Автоураган» кешені шет елдерде тіркелген, алайда елімізде жүріп автокөлік иелері жасаған құқықбұзушылықтарды да анықтауда. Тек биылғы қаңтар айының өзінде олар 1 027 рет жол ережесін бұзған. Соның ішінде 393 автокөлік ұсталып, иелерінен 5 млн 169,183 мың теңге өндірілді.
Жалпы, өткен айда қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көші-қон заңдылығын сақтауға бақылау орнату мақсатында 9 801 құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Соның ішінде 55 млн 486 мың теңгені өндіру жөнінде 7621 қаулы шығарылды.
«Күні бүгінге дейін азаматтар жалпы сомасы 30 млн 883 мың теңгенің 4280 айыппұлын төледі», деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне департаменттің баспасөз қызметінен.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).