БҚО-да интернет арқылы есірткі таратумен айналысқан тұрғын ұсталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында интернет арқылы есірткі таратумен айналысқан тұрғын ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Аблазимовтың мәлім еткеніндей, Ақсай қаласының 2003 жылғы тұрғынынан 11 қорап (пакетик) ақ түсті ұнтақ табылған.

Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат психотроптық препарат болып шықты.

Полиция қызметкерлері анықтағанындай, аталған тұрғын Telegram әлеуметтік желісі арқылы синтетикалық есірткі таратумен айналысқан.

Департамент бастығының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде ҚР ҚК 296-бабы 3-бөлігіне (есірткі және психотроптық заттармен заңсыз айналысу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл аса ауыр қылмыстар санатына жатады.

Сондай-ақ өткен аптада 24 ауыр қылмыстың 18-і немесе 75 пайызы ашылды. 6 қылмыс бойынша жедел тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жүк пойызы ер адамды қағып кеткенін жазған болатынбыз.