ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында бүгін таңертең ірі жол апаты болып, төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, бұл жөнінде хабар сағат 07.35-те түскен. Орал-Ақсай жолының 68-шақырымында «ВАЗ 2114» автокөлігі қарсы бетке шығып кетіп, «Фольксваген» автокөлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан «ВАЗ 2114» автокөлігінің жүргізушісі мен үш бірдей жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Ал жарақат алған «Фольксваген» автокөлігінің жүргізушісі Теректі аудандық ауруханасына жеткізілген.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілетін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).