ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 13-14 наурызда өтіп жатқан республикалық «Іздестіру» жедел іздестіру шарасы барысында 14 күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, соның ішінде бесеуін Ресей Федерациясы құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан болып шықты.
Бұлардың біреуі қарақшылық шабуыл жасаған. Сонымен қатар Орал қаласы полиция басқармасы іздестірген өзбекстандық азаматтың көршілес Самара облысында жүргені анықталды. Ол елден шығару жөніндегі сот шешімін орындамаған.
Оған қоса БҚО полиция департаменті бөлімшелері іздестірген 8 күдікті қолға түсті. Ақтөбе қаласы полиция басқармасы іздестірген, із-түзсіз жоғалған 1 адамның мекенжайы белгілі болды. Оған қоса белгісіз ер адам мүрдесінің кімдікі екендігі анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).