БҚО-да кәсіпкер 150 млн теңге субсидияны жымқырып, сауда үйі мен сауна салған
ОРАЛ. KAZINFORM – ҚР Қаржы мониторингі агенттігі БҚО бойынша департаменті несиелік серіктестік басшысына қатысты 150,7 млн теңге көлеміндегі субсидияны жымқыру фактісі бойынша тергеуді аяқтады.
Департаменттің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, күдікті «Агробизнес» несиелеу бағдарламасы аясында бақылауындағы шаруа қожалығының атына заңсыз түрде 126,7 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдеген.
Кейін бұл қаражат ірі қара мал сатып алынбастан, шаруа қожалығының шотынан қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сонымен қатар мал шаруашылығының ақпараттық жүйесі базасына жалған ақпарат енгізу арқылы ол 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бөлінген 24 млн теңге көлеміндегі субсидияны заңсыз алған.
Субсидияны заңды деп көрсету мақсатында ол басқа шаруа қожалықтарынан асыл тұқымды сиыр сатып алды деген жалған құжаттарды тапсырған.
- Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдікті жер телімдерін сатып алып, олардың бірінде сауна мен сауда үйін салған. Аталған мүлікті жасыру мақсатында оны туысының атына рәсімдеген. Сот санкциясымен жалпы құны 198 млн теңге болатын мүлікке - 2 жер теліміне, сауда үйіне, саунаға және «Exeed LX» маркалы автокөлікке тыйым салынды. Күдіктіге қатысты қамауға алу түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 14 млн теңгені заңсыз иемденген алаяқтың ісі сотқа жолданғанын жазған едік.