ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қатты желден көлде ығып кеткен екі балықшы құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 7 қараша күні Теректі ауданындағы Шалқар көлінде болды.
Екі балықшы қатты желдің әсерінен жағадан алты шақырымдай жерге, көлдің ортасына кетіп қалған.
Құтқарушылар бір жүзу құралы және техниканың көмегімен сағат 16.15-те балықшыларды жағаға алып шықты.
БҚО ТЖ департаменті суда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Көп ұзамай өзен, көлдерде мұз қатады. Жұқа мұз да қауіпті. Сондықтан сақ болу керек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұман түсіп, жел күшейетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).