БҚО-да қайтарылған активтер есебінен екі ауданаралық аурухана құрылысы жүргізіліп жатыр

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласы мен Казталов ауданы Казталов ауылында көпбейінді ауданаралық ауруханалар бой көтеріп келеді.

Фото: БҚО Құрылыс басқармасы

БҚО құрылыс басқармасынан мәлім еткеніндей, қайтарылған активтер есебінен қос нысан құрылысына 11 млрд 381,4 млн теңге бөлінді.

Ақсай қаласындағы аурухана құрылысын биыл аяқтау көзделіп отыр. Ал Казталов ауданы орталығындағы нысан алдағы жылы пайдалануға берілмекші.

Фото: БҚО Құрылыс басқармасы

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, Ақсайдағы жаңғыртылған ауданаралық аурухана Бөрлі, Шыңғырлау, Сырым және Қаратөбе аудандарының жалпы саны 102 415 тұрғынына медициналық көмек көрсететін болады. Бұл шалғай елді мекен тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырып, күрделі жағдайларда басқа медициналық ұйымдарға бару қажеттілігін азайтуға мүмкіндік береді.

Фото: БҚО Құрылыс басқармасы

Күні бүгін Бөрлі аудандық ауруханасында хирургиялық, травматологиялық және лапароскопиялық операциялар жасалады. Сондай-ақ компьютерлік томография (КТ), ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) және эхокардиография (ЭхоКГ) қызметтері көрсетіледі.

Алдағы уақытта аурухананы одан әрі дамыту мақсатында жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған. Атап айтқанда, ангиографиялық жүйе мен магниттік-резонанстық томограф (МРТ) орнату көзделіп отыр. Бұл күрделі диагностикалық зерттеулер мен медициналық көмектің жаңа түрлерін аудан деңгейінде көрсетуге жол ашады.

Жоба бойынша екі қосымша ғимараттың құрылысы қарастырылған. Оның бірі – перзентхана бөлімі, екіншісі – клиникалық-диагностикалық бөлім. Перзентхана ғимараты техникалық қабаты мен жертөлесін қоса алғанда екі қабатты болып салынады. Ал стационар ғимаратының артқы жағында жертөле және техникалық қабаты бар, екі бөлімге арналған қосымша корпус бой көтереді.

Жаңа ғимараттардың жалпы ауданы – 8 мың шаршы метр.

Жобада медициналық нысанның үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін инженерлік инфрақұрылым да қамтылған. Атап айтқанда, жеке дизельді электр станциясы, блокты-модульдік қазандық, дербес оттегі станциясы және әрқайсысының сыйымдылығы 30 текше метр болатын екі ағынды су резервуарын салу көзделген.

Фото: БҚО Құрылыс басқармасы

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне қарағанда, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жаңғыртылып жатқан Казталов аудандық ауруханасы құрылыс және реконструкция жұмыстары аяқталғаннан кейін Казталов, Бөкей ордасы, Жаңақала және Жәнібек аудандарының тұрғындарына (78 257 адам) медициналық көмек көрсететін болады.

Фото: БҚО Құрылыс басқармасы

Жоба аясында аурухананың төсек қоры 60-тан 100 төсек-орынға дейін ұлғайтылады. Медициналық көмектің жаңа бағыттары ашылып, аурухана заманауи жабдықтармен және қажетті медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.

- Жаңғыртудан кейін Казталовтағы ауруханада терапиялық, хирургиялық, босандыру, жұқпалы аурулар, педиатрия бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңадан инсульт бөлімшесі, кардиологиялық бөлімше, травматология және ортопедия бағыты ашылып, медициналық оңалту қызметі кеңейтіледі, - деп хабарлады БҚО денсаулық сақтау басқармасынан.

Фото: БҚО Құрылыс басқармасы

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтөбе облысында үш аудандағы ауруханаға жапсарлас ғимарат салынып жатқанын жазған едік.