Ақтөбе облысындағы үш ауданда ауруханаға жапсарлас ғимарат салынып жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Құрылыс Хромтау, Шалқар және Мұғалжар аудандарында жүріп жатыр. Биыл жыл соңында және келер жылы қолданысқа беріледі.

Ақтөбеде қайтарылған активтер есебінен үш аудандағы ауруханаға жапсарлас ғимарат салынып жатыр
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Самара-Шымкент тасжолы бойында орналасқан Хромтау ауданында аурухананың жапсарлас ғимараты салынып жатыр. Құрылыс биыл сәуір айында басталды және биыл жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарланған.

— Жаңа орталықта науқастарды жоспарлы және шұғыл қабылдауға арналған жеке кіреберіс қарастырылған. Ғимаратта операциялық блок, реанимация және қарқынды терапия палаталары, инсульт орталығы, оңалту бөлімі, сондай-ақ МРТ кабинеті мен басқа да медициналық және қызметтік бөлмелер орналасады. Оңалту бөлімінде массаж, емдік дене шынықтыру және жаттығу кабинеттері қарастырылған, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысында үш аудандағы ауруханаға жапсарлас ғимарат салынып жатыр
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ал Шалқар аудандық ауруханасына жапсарлас салынып жатқан ғимарат құрылысына қайтарылған автивтер есебінен 1,6 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде аурухана 72 кереуетке шақталса, жаңа ғимарат қолданысқа берілгенде сыйымдылығы 93 кереуетке дейін артады. Сонымен бірге заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, жаңа жұмыс орындары ашылады.

Ақтөбе облысында үш аудандағы ауруханаға жапсарлас ғимарат салынып жатыр
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласында да құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Аудандық прокуратураның хабарлауынша, жапсарлас ғимаратты салуға 1,5 млрд теңге бөлінді. Құрылыс мерзімі — 8 ай.

— Жоба іске асырылған жағдайда Мұғалжар, Темір, Байғанин, Ойыл аудандарының тұрғындары облыс орталығына бармай, осы ауруханада ем ала алады. Жылына 5700 адам Қандыағаш қаласынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі магниттік-резонанстық томографиялық зерттеулерінен тегін өтеді. Сонымен қатар ауруды ерте сатыда анықтауға, медициналық көмектің тиімділігі арттыруға мүмкіндік бар, — деп хабарлады Мұғалжар аудандық прокуратурасы. 

Құрылыс жұмыстарының бәрі жіті бақылауға алынған.

Ақтөбе облысында үш аудандағы ауруханаға жапсарлас ғимарат салынып жатыр
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Айта кетейік, құрылыс аяқталғаннан кейін медициналық мекемелерге ауданаралық орталық аурухана мәртебесі беріледі.

Еске салсақ, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында көпбейінді орталық аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Медициналық мекемені жаңғырту жұмыстары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды.