Маңғыстау облысында аудандық аурухана қайтарылған активтер есебінен жөнделіп жатыр
АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында көпбейінді орталық аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Медициналық мекемені жаңғырту жұмыстары мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда.
Жобаның негізгі мақсаты — ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, аурухананың материалдық-техникалық базасын жаңарту.
Жоба аясында аурухана ғимаратын күрделі жөндеу және заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыру көзделген. Құрылыс жұмыстарына 123 адам жұмылдырылған. Бүгінде нысандағы жұмыстардың 80 пайызы аяқталған.
Аурухана кешені жалпы 11 блоктан тұрады. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж, инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту, ішкі әрлеу және қасбетті қаптау жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар ғимараттың айналасын абаттандыру және көгалдандыру шаралары қолға алынған. Аурухана аумағына 38 түп сәндік қылқанжапырақты ағаш отырғызылып, жаяу жүргіншілер жолын төсеу жұмыстары басталды.
Медициналық мекемені жаңғырту барысында диагностикалық қызметтерді дамытуға да назар аударылған. Атап айтқанда, компьютерлік томография және рентген-диагностика құрылғыларын орнатуға арналған кабинеттер әзірленген. Бұл аудан тұрғындарына қажетті тексерулерден жергілікті жерде өтуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда ауруханада 170 төсек-орын бар. Мұнда терапия, кардиология, неврология, хирургия, травматология, гинекология, перзентхана, балалар және жұқпалы аурулар бөлімшелері жұмыс істейді.
Күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін аурухана жанынан оңалту бөлімшесі мен инсульт орталығын ашу жоспарланып отыр. Оңалту бөлімшесінде кемінде 16, ал инсульт бөлімшесінде 10 төсек-орын қарастырылмақ. Бұл аудан тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмекті тұрғылықты жерінде алуға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Өскеменде мемлекетке қайтарылған активтер есебінен гематология орталығы ашылды.