ОРАЛ. ҚазАқпарат - 19 маусым күні Қазталов ауданында киік аулаумен заңсыз айналысқан ұйымдасқан топ мүшелері қолға түсті. Бұл туралы БҚО ІІД тергеу басқармасы тергеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Махамбет Темірбаев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Оның айтуынша, кең ауқымды жедел іздестіру шаралары барысында 272 дана киік мүйізі, 1 млн. 120 мың теңге ақша, 5 дана аңшы қаруы, 1 газды тапанша, 134 дана оқ-дәрі, 4 қаршана, 5 жол талғамайтын автокөлік, 18 ұялы телефон тәркіленді. Қылмыс айғақтары табылған екі күдікті Қазталов аудандық ішкі істер бөлімінің уақытша оқшаулау изоляторына қамалды. Қалған үшеуінің қылмысқа қатыстылығы тексерілуде.
Қазіргі кезде киікті заңсыз аулауға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, өңірде киікті заңсыз аулау қылмысы азаяр емес. Айталық, өткен жылы 24 қылмыстық іс өндірісте болса, биыл жыл басынан бері 13 сондай істің төртеуі сотқа жіберілді. Бесеуі қылмыстық жауапкершілікке тартатын адам анықталмағандықтан, тоқтатылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).