БҚО-да киік мүйіздерін әкетіп бара жатқан екі адам ұсталды

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қос тұрғын киік мүйіздерімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға бүгін Қазталов ауданы аумағында орын алды. Аудандық полиция бөлімінің инспекторы Миржан Тілеубаевтың айтуынша, полицейлер 10 сәуір күні сағат 07.30 шамасында Бірік ауылдық округіне қарасты «Қалабай» қыстағының маңында «Нива Шевроле» автокөлігін тоқтатқан.

Тексеру кезінде 2 адам мінген көліктен 10 дана киік мүйізі, бір-бірден пышақ пен ара, 2 қару және оқ-дәрі табылды.

«Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жасап, қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді ҚазАқпарат тілшісіне М.Тілеубаев.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі нақтылағандай, автокөлік салонында Қазталов ауданының тұрғыны мен «Охотзоопром» РМҚК инспекторы болған. Қазіргі кезде ҚР ҚК 337-бабы (заңсыз аңшылық) және 339-бабына (киіктің бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Облыс аумағында 1-30 сәуір аралығында өтіп жатқан «Киік» жедел алдын алу шарасы барысында аудандық полиция бөлімі «Охотзоопром» мекемесі қызметкерлерімен бірлескен жұмыстарды жалғастырып жатыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да киікті заңсыз аулаудан мемлекетке 1,1 млрд теңге залал келгенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар