БҚО-да киікті заңсыз аулаудан мемлекетке 1,1 млрд теңге залал келді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында киікті заңсыз аулаудан мемлекетке 1,1 млрд теңге залал келді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжановтың айтуынша, соның тек 12 млн теңгесі ғана өндірілді.

Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде сот орындаушылары 13 автокөлікке және 15 жылжымайтын мүлікке тыйым салды.

Сот актілерін мәжбүрлеп өндіру бағытында шаралар қолға алынған.

Өңірде киікті заңсыз аулағаны және олардың дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін 2017-2018 жылы 88 адам сотталды. Соның жетеуі бас бостандығынан айырылды. 79 адамның бас бостандығы шектелді. Екі адамға айыппұл салынды.

Браконьерлерден 616 киік ұшасы, 955 мүйіз алынып, 25 мылтық, 1205 оқ-дәрі, 18 пышақ пен 19 ара жойылды.

Мемлекет пайдасына 14 автокөлік, 3 қаршана мен 1 квадроцикл тәркіленді.

«Прокуратураның нұсқауына сәйкес әділет департаменті «Атқарушылық өндіріс және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының 55-бабына сәйкес қазіргі кезде тыйым салынған мүлікті бағалау және сату шараларын жүргізуде», - деді Бауыржан Зәкиұлы.
null

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес бір киіктің құны 3,7 млн теңге көлемінде белгіленді.

Киікті заңсыз аулағаны және дериваттарымен заңсыз айналысқаны үшін ҚР ҚК 337 және 339-бабына сәйкес айыпты деп танылған адам жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Брифингке қатысқан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Зәкәрия Тұралиевтің сөзіне қарағанда, Қазақстанда киіктер үш аймақта кеңінен таралған.

Әуеден санау жолымен өткен жылы Бетпақдалада 76 400 киік тіркелсе, Үстіртте 3 700, Орал популяциясында 135 мыңға жеткен. Бұл өңірде киіктердің саны жылма-жыл өсіп келе жатқанын көрсетеді.

«Биыл қыста қардың көптігінен киіктер көршілес Атырау облысына ауды. Соған орай Атырауда киікті заңсыз ату дерегі тіркелді, қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Көктем келісімен киіктер қайтып оралуда. Алдағы мамыр айында олар төлдейді. Киік санағы биыл да жүргізіледі», деді З.Тұралиев.

ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК-ның өңірдегі филиалында 50 инспектор алты ауданды қамтитын 4 млн астам аумақта киік қорғаумен айналысады.

Бір айта кететін жайт, Орал популяциясына жататын киіктер көршілес Ресейдің Саратов, Волгоград облыстарының шекаралас аудандарында да жайылып, өрісін кеңейтуде. Осыған орай Саратов, Волгоград облысының экология және орман шаруашылығы, табиғи ресурстар мекемелерімен бірлескен жұмыстар жасалуда.

Соңғы жаңалықтар