БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұрын автокөлікті мас күйінде айдағаны үшін әкімшілік жаза алған жүргізушілер осы құқықбұзушылықты қайталап жасаса, қылмыстық жауапкершілікке де тартылады.
Мысалы, 25 қаңтар күні Жаңақала ауданы Пятимар ауылында «Лада-21074» автокөлігін мас күйінде айдап келе жатқан 1990 жылғы тұрғын ұсталды. Ол бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан үш жылға айырылса да, ауылдасынан машина сұрап алып, мас күйінде рульге отырған. Енді ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес (көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру) жүргізушімен бірге көлік иесі де заң алдында жауап береді. Бұл бап бойынша кінәлі болғандар белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жыл мерзiмге айырыла отырып, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Сол секілді 27 қаңтар күні Ақсай қаласында «Volkswagen Passat» автокөлігін де жүргізушісі мас күйінде айдағаны анықталды. Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған ол да ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігіне сәйкес жауапқа тартылады. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, өткен жылы көлікті мас күйінде айдаған 1229 жүргізуші ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 608-бабына сәйкес куәліктерінен айырылды.