ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус анықталған соңғы 11 науқастың жетеуі – Түркістан облысының тұрғындары, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, аталған тұрғындар Ресейде вахталық әдіспен жұмыс жасайды.
Самара облысымен шектесетін «Сырым» автоөткелінен өткен кезде жеті азаматтың денсаулығына шағымы болмаған. Алгоритмге сәйкес эпидемиологтар жедел жәрдем шақырып, карантиндік стационарға жатқызылды.
Сонымен қатар коронавирус жұқтырған 4 адам – медицина қызметкерлері.
Зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы расталғаннан кейін барлығы да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
Науқастармен қарым-қатынаста болғандар анықталып, медициналық бақылауғ алынды.
Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 138-ге жетіп, соның 9-ы жазылып шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған әйелдің шет елден келгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).