ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырған соңғы екі науқас та Теңіз кен орнынан келген болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО әкімдігі мәлім еткеніндей, олар – 1968 және 1978 жылғы облыс тұрғындары.
Көрші өңірден келгеннен кейін карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынама алынған.
ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен екеуінде де COVID-19 диагнозы расталып, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды.
Науқастармен қарым-қатынаста болғандар анықталып, медициналық бақылауға алынды.
Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді.
Індетке қарсы күрес шаралары жалғасуда.
Осылайша БҚО-да ауырғандар саны 215-ке жетті. Олардың басым көпшілігі – Ресейден келгендер. Дегенмен соңғы кезде Теңіз кен орнынан келгендер арасында ауру жұқтырғандар көбейіп барады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да бір күнде 18 адамның жазылып шыққанын, Теңіз кен орнынан келген тұрғыннан коронавирус анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).