ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше сағат 17.40-та Орал-Атырау жолының 94-шақырымында ірі жол апаты болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің айтуынша, Атыраудан келе жатқан «Форд Галакси» автокөлігі алдындағы көлікті басып озамын деп, қарсы бетке шығып, Жаңақала ауданына бет алған «Фольксваген Шаран» автокөлігімен соқтығысқан. Жол апаты Ақжайық ауданы Бударин ауылы маңында болған. Соның салдарынан қос көліктегі 1972 және 1974 жылғы екі әйел адам қаза тапқан. «Форд Галаксиде» 4, «Шаранда» 6 жолаушы болған. Олардың жарақат алғандары Ақжайық аудандық ауруханасына жеткізілген.
Кеше өңірде қар жауды әрі оқиға кешкісін, жол үсті онша көрінбейтін уақытта болған. Сол сәтте қарсы бетте «КамАЗ» автокөлігі де келе жатқан.
Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.
Айта кетейік, «Шаран» автокөлігінің қатысуымен мұндай ірі жол апаты БҚО-да бұдан бұрын да орын алған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).