ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалығының басшысы 43 жастағы ер адамды жеті ай бойы құлдықта ұстаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Polisia.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, бас бостандығынан заңсыз айырылған ерадам күн сайын 18 сағат бойы мал баққан.
Күдікті оны өзі ойлап тапқан қарызды өтейсің деп қысып ұстаған, тыңдамаса, жазалаған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі нақтылағанындай, оқиға Ақжайық ауданында болды.
Полиция қызметкерлері «Стоп-Трафик» жедел алдын алу шарасы кезінде аталған деректі 11 маусым күні анықтаған. 1982 жылғы тұрғын 43 жастағы ер адамды еңбек етуге пайдалану мақсатында бас бостандығынан заңсыз айырған.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 126-бабына (бас бостандығынан заңсыз айыру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да жалған құжатпен Ресейге тауар әкетпек болған 7 жүк көлігі ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).