ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Крещение мейрамына байланысты су айдындарында тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ТЖ департаменті қызметкерлері кезекшілік ететін болады.
БҚО ТЖ департаменті азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Дамир Бекпасовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, суға түсу орындарында 18 қаңтарда сағат 23.00-ден бастап 20 қаңтар сағат 00.00-ге дейін кезекшілік ұйымдастырылады.
Оның айтуынша, суға шомылу орындары жергілікті әкімдіктермен бекітіледі.
- Биыл Орал қаласы аумағында 11 суға түсу орны белгіленді. Жалпы, облыс бойынша 21 орын дайындалуда. Кезекшілікке барлығы 130-дан астам ТЖД қызметкері жұмылдырылады. Құтқарушылармен қатар шомылу орындарында полиция департаменті мен медициналық жедел жәрдем қызметкерлері кезекшілік етеді, - дейді Д.Бекпасов.
БҚО ТЖ департаменті тұрғындарда су айдындарында болған кезде мұқият және абай болып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Крещение рәсімінде шомылу үшін 250 орын арнайы әзірленетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).