ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында куәлігі жоқ жүргізуші жол ережесін бір күнде 13 рет бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 21 жастағы жүргізуші оған қоса «Мерседес» автокөлігін жалған нөмірлермен айдаған.
«Аталмыш жүргізуші түнгі сағат 00.00-ден таңғы 07.00-ге дейін 13 рет жылдамдықты шектен тыс асырып айдаған. Барлық айыппұл көлемі 310 мың теңгені құрады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 592-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды. Барлық құқықбұзушылық «Призма-Stos» автоматты жүйесімен тіркелді. Полиция қызметкерлері жүргізушіні «Suncarsmartcity» бейнебақылау жүйесі арқылы ұстады. Автокөлік айып тұрағына қойылды», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жол апатынан бес адамның зардап шеккенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).