ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қызметкер өзі жұмыс жасайтын мектептен 12 ноутбук жымқырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Оралға қарасты Зачаган кентіндегі мектептердің бірінде болды.
Ұры компьютерлік сыныпқа еркін кіріп, 12 ноутбукты үптеп
кеткен.
«Қабылданған іс-шаралар барысында 30 жастағы күдікті ұсталды. Оның сол мектептің қызметкері екендігі анықталды. Қызметкер өз мектебіне 1,799 млн теңге залал келтірген. Қазіргі кезде ҚР ҚК 188-бабы 1-бөлігіне (ұрлық)
сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да «вакцинадан полицей қайтыс болды» деп жалған ақпарат таратқан аудиожазба авторы ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).