ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстанда адасып кеткен тұрғын көрші облыстан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға Жаңақала ауданы Көпжасар ауылдық округінде болған. 61 жастағы тұрғын 24 қазан күні таңғы сағат 08.00-де Айқожа («Еділ-Жайық» шаруа қожалығы) қыстағынан ұсақ мал іздеймін деп, атпен шығып кетіп, оралмаған.
Оны ТЖ (3 қызметкер, 1 техника), аудандық полиция бөлімі (3 қызметкер) және жергілікті үш тұрғын (1 техникамен) іздестірді.
Ер адам 25 қазан күні кешкі сағат 20.25-те 50 шақырым жерден, көршілес Атырау облысы Индер ауданы аумағынан аман-есен табылды. Ол медициналық көмекті қажетсінген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақжайық ауданында аға-інілі екі баланың жоғалып кеткенін, кейін олардың денесі өзеннен табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).