БҚО-да неше мектеп жаңадан салынып жатыр
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында мектептердің бірқатары күрделі жөнделіп, біраз білім беру нысандары жаңадан салынып жатыр.
БҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, оқу жылы аяқталысымен, мамыр айының соңынды 4 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстары басталады.
Бақытжан Хаберұлының сөзіне қарағанда, Оралдағы қара шаңырақ – дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының биыл ғасырлық мерейтойы аталып өтілуде. Осыған орай мектептің жиһаздары жаңартылды, енді ғимараттың іші-сырты, инженерлік желілері жаңғыртылады.
«Орал қаласының орталығында орын тепкен №17 орта мектепте 1 800-ге оқушы білім алуда. Сол секілді «Строитель» шағындауданындағы №9 орта мектепті де күрделі жөндеуден өткіземіз. Мұнда 2 мың бала оқып жатыр. Дина Нұрпейісова атындағы музыка мектебі жаңарып қалады. Өзіндік тарихы бар музыка ордасына биыл 90 жыл толғалы отыр. Іші-сырты қазіргі заманғы талаптарға сай ретке келтірілсе, ғимарат талантты өнерпаз балалардың тынысын ашары анық. Аталған 4 әлеуметтік нысан «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік нысандары есебінен күрделі жөнделеді. Қазіргі кезде мердігерлер анықталу үстінде. Сонымен қатар Жаңақала ауданындағы Карманов мектебін күрделі жөндеуге қаражат бөлінді, бұл жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Жөндеуді «Жайық Сити» компаниясы жүргізуде», - дейді Б.Нарымбетов.
Оның айтуынша, сонымен қатар биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысы жүргізілуде.
Атап айтқанда, Орал қаласында «Балауса» шағынауданында 1 500 орындық (мердігері «BI Global» компаниясы), Деркөл кентінде 1 500 орындық («КазКанстракшнГруп») және медколледж ауданында 600 орындық («Жайық жарығы» ЖШС) мектеп салынуда.
Өңірдегі екінші қала – Ақсайда М.Ықсанов көшесінде 300, 7-шағынауданында 900 орындық екі мектеп бой көтеруде. Бұл екі нысанның мердігері – «Альтаир СК7». Оған қоса Бөрлі ауданы Пугачев ауылында «Жайық сити» құрылыс компаниясы 300 орындық мектеп ғимаратын тұрғызуда.
Бәйтерек ауданында Байқоныс ауылында 600 орындық («Антариум груп») және Достықта 1 200 орындық («Алтим») жайлы мектеп пайдалануға берілетін болады.
Орал қаласына іргелес орналасқан Теректі ауданы Подстепный ауылында «СКФ Отделстрой» ЖШС 1 200 орындық мектепті биыл салып бітіруді көздеп отыр.
«Сондай-ақ «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен Орал қаласында «Альтаир» компаниясы 400 орындық №31 мектеп құрылысын бастап кетті. Бұдан бөлек, «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы есебінен Бөрлі ауданы Жарсуат, Казталовтың Саралжын ауылында шағын жинақты мектептердің құрылысын қыркүйекке дейін аяқтау жоспарлануда. Сонда облыс бойынша қазіргі таңда 8 мыңнан астам баланы қамтитын барлығы 12 мектеп салынып жатыр. Мектеп құрылысы бойынша басқа да жоспарларымыз бар, шешім қабылданған кезде айтылады», - деді Б.Нарымбетов.
Орал қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан нысанның бірі – медколледж ауданындағы 600 орындық мектеп. Бас мердігер – «Жайық жарығы» ЖШС директорының орынбасары, жоба жетекшісі Мақсат Батырбеков қазіргі таңда құрылыстың барынша жүріп жатқандығын жеткізді. Бұл мектеп құрылысын биыл аяқтау көзделуде. Білім ордасы уақтылы бітсе, «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінде тұрып жатқан балалар мен олардың ата-аналары үшін үлкен қуаныш болары анық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы қалай жүзеге асырылып жатырғанын жазған болатынбыз.