Батыс Қазақстанда «Жайлы мектеп» жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр

құрылыс
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 мектеп салынбақ. Қазіргі кезде өңірде осыған байланысты қандай жұмыстар қолға алынды? Білім ошақтарының құрылысы қашан аяқталады? Kazinform тілшісі тараптар пікірін тыңдап, мәселені зерттеп көрді.

Жайықтағы жайлы мектептер қашан салынады?

БҚО құрылыс басқармасының басшысы Әлібек Антазиевтің мәлім еткеніндей, жаңадан бой көтеретін 18 білім ошағының тапсырыс берушісі – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ. Бұл 16,2 мың оқушыға арналған 18 мектептің 9-ын биыл жыл соңына бітіру көзделіп отыр. Қалғаны 2025 жылы пайдалануға берілмек.

«2023 жылы конкурстық рәсімдер басталып, мердігерлер анықталды. Жер телімдері бөлініп, инженерлік желілер тартылды. Бөрлі ауданы Пугачев ауылында 300 орындық мектеп құрылысы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті. Қалған нысандарда да көп ұзамай басталады деп отырмыз», - дейді Ә. Антазиев.

Басқарма басшысының айтуынша, Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласында 13-ықшам ауданда 900 орындық, М. Ықсанов көшесінде 300 орындық, Бәйтерек ауданы Достық ауылында 1 200, Байқоныста 600 орындық, Теректінің Подстепныйында 1 200 орындық мектеп салынбақшы.

Сонымен қатар Орал қаласында Деркөл кентінде 1 500, «Балауса» шағын ауданында 1 500 орындық №53 мектеп, Жәңгір хан көшесінде «Медколледж» ауданында 600 орындық №65 мектеп құрылысы жүргізіледі.

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында Батыс Қазақстан облысында 16,2 мың оқушыға арналған 18 білім ошағы бой көтереді. Оның ішінде 9 мектеп – 2024 жылы, қалған 9-ы 2025 жылы пайдалануға берілмек.

құрылыс
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Ұлттық жобаның бюджеті қандай, құрылысқа кім жауапты?

Ведомствоның мәлімдеуінше, ұлттық жобаның жалпы бюджеті – 2,3 трлн теңге. Қаражат бекітілген кестеге сəйкес республикалық бюджет пен Ұлттық қордан кезең-кезеңмен бөлінеді. Банк кепілдігін ұсынған немесе эскроу-шот ашқан мердігерлерге аванстық төлемдер аударылып жатыр. Қаржыландыру бойынша ешқандай мəселе жоқ.

Ұлттық жоба туралы Үкіметтің №963 қаулысына сəйкес «Samruk-Kazyna Construction» АҚ мектептерді жобалап, салып, жабдықтап, дайын күйде тапсыруға жауапты. Өңірлер əкімдіктері мектептердің құрылысы үшін жер учаскелерін бөліп, құрылысқа дайындап, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға беруге, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық (су, жарық, жылу, интернет) жəне қоғамдық (қоғамдық көлік маршруттары, тұрақ, аялдама, жарықтандыру жəне т.б.) инфрақұрылымдарымен қамтамасыз етуге міндетті.

Kazinform тілшісінің «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ға «Мектеп құрылысына байланысты жергілікті атқарушы органдармен байланыс қалай, мердігерлер анықталды ма?» деген сауалына мынадай жауап алдық:

«Қазіргі уақытта мектептерге уақтылы инженерлік желілерді тарту, 2025 жылы тапсырылатын мектептердің құрылысына жер телімдерін бөлу жəне дайындау бойынша өңірлердегі əкімдіктермен тығыз жұмыс жүргізіліп жатыр. Жуырда «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мəулен Айманбетов барлық облыстарды аралап, аймақ басшыларымен кездесу өткізді. Көптеген мəселелер сол жерде шешімін тапты. Қолданысқа тапсырылғаннан кейін барлық жайлы мектептер жергілікті атқарушы органдардың балансына берілетінін атап өту маңызды. Жаңа білім беру нысандары «мемлекеттік мектеп» болады жəне оларда оқыту тегін жүргізілмек».

Елімізде жайлы мектептердің құрылысы 4 тəсіл арқылы жүзеге асырылатыны белгілі. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тек бірінші тəсіл бойынша 359 мектептің құрылысына жауапты.

құрылыс
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Мектептерді салумен бірге оларға қажетті жиһазды отандық өндірушілерден сатып алу да аса маңызды.

«Жайлы мектептер үшін 990 мың жиһаз қажет. Осы орайда жиһаз өнімдерін тек отандық тауар өндірушілерден сатып алу қамтамасыз етіледі. Бұл Үкіметтің қаулысында да бекітілген. Ұлттық жобада мектеп құрылысында негізінен отандық материалдарды қолдану бойынша нақты шаралар көзделген. Жергілікті қамту үлесі 60-71 пайыз көлемінде болады деп жоспарланған. Қазір өңірлермен жəне «Атамекен» ҰКП-мен бұл мəселе пысықталып жатыр. Жиһазды таңдау облыстық білім басқармалары өкілдерінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылса, «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасы əр өңір бойынша ұлттық жобаға қажетті көлемде əрі сапалы жиһаз жасай алатын, барлық талаптарға сай келетін отандық өндірушілердің тізімін ұсынуға тиіс», - делінеді хабарламада.

құрылыс
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

Мердігер не дейді, тұрғынның пікірі ескеріле ме?

Kazinform тілшісі Зачаган кентіндегі Жәңгір хан көшесі бойында салынып жатқан 600 орындық мектеп құрылысында болды. Бас мердігер – «Жайық жарығы» ЖШС директорының орынбасары, жоба жетекшісі Мақсат Батырбековтің айтуынша, мұндағы жұмыстың басталғанына бір айдан асқан.

«Қазіргі кезде жер жұмыстары аяқталуға жақын. Енді бетондау басталып жатыр. Нысанда 40-тан астам адам, 14-15 техника жұмылдырылған. Көктемнен бастап екі ауысымда жұмыс істемекшіміз. Құрылысты осы жылы бітіруге бар күшімізді саламыз», - деді ол.

Аталған мектептің осы маңдағы «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінде тұратын балалар үшін тұрғызылып жатқаны аян. «Құс фабрикасы» шағын ауданы аталып кеткен серіктестіктің тұрғыны Үзілдік Елеубаеваның айтуынша, оқушылар қазіргі таңда қаладағы Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейіне және Бортаудағы №18 мектепке қатынап, білім алып жүр.

«Көптен күткен мектебіміз іске қосылса, зор қуаныш болмақ. Осыған орай айтар ұсынысымыз да жоқ емес. Ол балалардың тікелей қатынауы үшін екі ортадағы екі сайға көпір салып, Атамұра және Сарыарқа жолдарын қосу керек. Біздің шағын ауданда 10 мыңнан астам адам тұрады, бірақ қалалық мәртебесі жоқ болғандықтан, мектеп «Медколледж» шағын ауданы аумағынан салынып отыр. Халық саны күн санап көбейіп жатқандықтан, болашақта «Құс фабрикасын» екіге бөлсе де, артық болмас еді. Егер қалалық мәртебе берілсе, басқа игілікті айтпағанда, электр қуаты үшін төлемді де қала тұрғындарымен бірдей төлер едік. Жақсылыққа қол жеткізу әркімнің арманы ғой», - деді Ү. Елеубаева.

Қорыта айтқанда, жайлы мектептер уақтылы пайдалануға берілсе, онда үш ауысымды оқыту және орын тапшылығы мәселелерін шешуге мүмкіндік туады. Сондықтан салынып жатқан білім ошақтарының мерзімінде іске қосылуы үшін құрылыс барысын бақылап отыру да қажет-ақ.

орал
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар