ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында оқ жарақатынан қаза тапқан тұрғынның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 9 ақпан күні Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылдық округі аумағында болды.
«Таңғы сағат 07.00 шамасында Бозай қыстағында 1989 жылғы ер адамның денесі табылды. Сол жақ білегі мен арқа тұсында оқ жарақаты болған. Қабылданған жедел іс-шаралар нәтижесінде 1981 жылғы ер адам ұсталды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (кісі өлтіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Ауыл тұрғындарының сөзіне қарағанда, екеуі де сол қыстаққа мал бағуға көршілес Жәнібек ауданынан келген тұрғындар екен. Бір-бірімен сөзге келіп, күдікті теріс қарап отырған екіншісін атып тастаған көрінеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жантүршігерлік жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушінің мас болып шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).