БҚО-да оқушының буллингке ұшырауына байланысты қылмыстық іс қозғалды

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Өркен ауылында 10-сынып оқушысының буллингке тап болғаны жөнінде анасы Айнамгүл Тасжан айтып берді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

А.Тасжанның мәлім еткеніндей, биылғы жылғы көктемнен бастап ұлын Атыраудан отбасы жағдайына байланысты Өркен ауылындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніне ауыстырған.

Баласының айтуынша, мектепке ауысқан сәттен, яғни 9-сыныптың үшінші тоқсанынан бастап ауылдағы кейбір оқушылар тарапынан оны ортаға қабылдамау, кемсіту және психологиялық қысым көрсету әрекеттері басталған. Соның ішінде ақша талап ету, қорқыту да орын алған. Жазда сыныптастарымен бірге ақша жинап, оны 11-сынып оқушысына берген. Биылғы оқу жылы басталғаннан кейін қысым күшейе түскен. Басы, іші, тамағы ауыратынын айтып, сабаққа бармауға себеп іздеді.

- Баламның денсаулығына алаңдап, Оралға апарып, бірнеше рет медициналық тексеруден өткіздім. 16-17 қыркүйекте «дем жетпейді» деп шағымдануына байланысты жедел жәрдем шақырылды. 17-23 қыркүйек аралығында ауруханаға жатып шықты. Балам сол кезде фельдшерге қысым көріп жүргенін, сондықтан мектеп пен ауылға барғысы келмейтінін жеткізген. Осыдан кейін ғана оның осыншама уақыт бойы қысымға ұшырап жүргенін, бірақ маған айтпағанын білдім. Соның ішінде 3 қыркүйек күні ақша бермегені үшін ұлыма 11-сынып оқушысы күш қолданып, балағаттаған. Қазіргі кезде ҚР ҚК 194-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - дейді А.Тасжан.

Қазіргі уақытта ұлы онлайн оқып жүр, оған психологтар көмек көрсетіп жатыр.

Ананың пайымдауынша, мектеп әкімшілігі мәселені дер кезінде анықтап, кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, буллингтің алдын алу және оған жол бермеу бағытындағы тиісті шараларды уақытылы қабылдамаған. Сондықтан мән-жайды толық анықтау үшін жан-жақты тексеру жүргізу қажет деп есептейді.

Kazinform тілшісінің сауалына орай БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

- Осы қылмысты жасауға қатысы бар барлық адамдардан жауап алынып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілді. Процестік прокурорлар тағайындалды. Тергеу жалғасуда. Тергеу барысы Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мен полиция департаменті басшылығының бақылауында. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге ақпарат, оның ішінде іске қатысы бар тұлғалар туралы мәліметтер жария етуге жатпайды, - делінген ресми жауапта.

БҚО білім басқармасы оқушыға психологиялық көмек көрсету орталығының психологы тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп жатқанын, бұл мәселенің бақылауда ұсталатынын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қызды ұрған ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.