ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО-ның Теректі ауданында орманда адасып кеткен тұрғын құтқарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
БҚО ТЖ департаменті жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы Ләйла Әбдірахманованың айтуынша, 1959 жылғы ер адам 17 ақпан күні сағат шамамен 22.00-де Абай ауылына жете алмай, жоғалып кеткен. Соңынан анықталғанындай, Көшім ауылынан Абайға жаяу бармақ болған ол жолды қысқартып, тіке шығамын деп, орманда адасқан.
Құрамында бес құтқарушы және кинолог бар арнайы топ іздеуге шықты. Құтқару жұмыстарына «УАЗ» автокөлігі, кез келген жерден өте алатын «ТРЭКОЛ» техникасы және қаршана тартылды. Іздестіру жұмыстарының түнгі уақытта жүргізілгеніне қарамастан, төрт сағат өткен соң ер адам табылды. Қатты тоңған оның аяғының өкшесін үсік шалған, құтқарушылар жедел жәрдем келгенше көмек көрсетті.
Құтқарушылар адасқан адамды Абай ауылына дейін жеткізіп, аудандық жедел жәрдем бригадасына табыс етті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын өңірде далада үсіп кеткен үш адамның мүрдесі табылған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).