ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында екі адамның өліміне соқтырған өрт оқиғасы тіркелді.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 7 қаңтар күні сағат 20.11-де Бәйтерек ауданы Көшім ауылындағы тұрғын үйде болды.
Өрт сөндірушілер жеткен мезгілде 50 шаршы метр аумақта төбе мен жеке заттардың жанып жатқаны анықталды.
- Бөлімшелер жеткенге дейін полиция қызметкерлері екі адамның денесін алып шыққан. Олардың біреуі ер, екіншісі әйел адам. Тілсіз жау сағат 21.30-да толықтай ауыздықталды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 9 қабатты үйден өрт шығып, 10 адам құтқарылып, 45-і эвакуацияланғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).