ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері автокөлігімен әйел адамды қағып кетті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 24 қаңтар күні Тасқала ауданы орталығы Тасқала ауылында болды.
Mitsubishi автокөлігінің жүргізушісі дүкен жанында артқа қарай жүрген кезде белгіленбеген жерден жолдан өтіп бара жатқан әйелді басып кеткен.
- Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші ішімдік ішпеген. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Автокөлік рулінде Тасқала ауданы полиция бөлімінің қызметкері болған. Ол ішкі істер органынан қуылды, - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында 44 жылқыны ұрлаған барымташылар тобының ұсталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).