ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептелісте тұрғаны жөнінде бейнежазба тарады.
Бейнежазбада ер адам «Сырым» автомобиль өткізу бекетіне қарай жүк көліктерінің кезекте тұрғанын айтады.
- Кешеден бері осылай тұрмыз. Автокөліктердің кезегі Павлов ауылынан әрі асып кеткен. Шекара жұмыс жасамайды, - дейді ол.
Осыған орай Kazinform тілшісі БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне сауал жолдаған еді.
Ведомстводан түскен мәліметке қарағанда, департамент тарапынан бәрі қалыпты жұмыс жасап тұр. Бейтарап аймақ Ресей Федерациясына қарай жүк көлігіне толған. Кептеліс себебі Ресей тарапынан.
«Сырым» автомобиль өткізу бекеті қызметкерінің айтуынша, жүк көліктерінің бәрі тексеруден өтіп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда Ресеймен шекарада жүк көліктері кептелісте тұрғанын жазған едік.
Сондай-ақ БҚО-да тыйым салынған тауарларды заңсыз әкетудің 219 дерегі тіркелді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).